Салем!
Алматы хайуанаттар бағына
қош келдіңіздер!
Новость
Достар, бізде тағы жақсы жаңалық!
08.10.2025

Достар, бізде тағы жақсы жаңалық!

 

         Біздің зообағымызда көптен күткен қуаныш: Амур жолбарыстары – 6 жастағы Бентли мен 5 жасар Айканың жұбында екі кішкентай жолбарыс өмірге келді. Бұл біздің зообақ үшін жолбарыстар арасындағы соңғы жылдардағы алғашқы ұрпақ. Жаңа туған төлдер Амур жолбарысы сияқты сирек кездесетін түрдің сақталып, көбеюі үшін өте маңызды.

         Амур жолбарысы Қызыл кітапқа енген және жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жатады. Негізгі себептер – заңсыз аң аулау, олардың табиғи мекендеу аймағының тарылуы.

         Әлемдегі зообақтарда туылған әрбір жолбарыс генетикалық әртүрлілікті сақтауға және популяцияны қолдауға септігін тигізеді.

         Жолбарыс жұбын қалыптастыру – күрделі процесс. Бұл жыртқыштар табиғатынан жалғыз өмір сүреді. Мамандарымыз олардың бір-бірімен үйлесіп кететін серіктестерді мұқият таңдады, арнайы қоршауды дайындады және жануарлардың өздерін қауіпсіз сезінетін жағдай жасады. Тек осындай арнайы іс-шаралардың нітижесінде дені сау ұрпақ алуға болады.

         Жаңа туған кішкентай жолбарыстар алғашқы күннен бастап ветеринарлық қызметтің тұрақты бақылауында болды. Оларға ерекше күтім жасалып, жоспарлы емдеу мен вакцинация жүргізілді. Қазір олар өсіп қалды әрі өздерінің «жолбарыс мінезін» көрсете бастады.

         Жолбарыс күшіктері 14 маусымда дүниеге келді. Бүгін олардың карантині аяқталды және олар өзін жақсы сезінеді. Осы демалыс күндері анасы мен күшіктері «тыныш аймақтан» экспозициялық қоршауға көшіріледі.    

         Ұрғашы Амур жолбарыстарында аналық инстинкт өте жақсы дамыған және олар қауіп-қатерден оқшаулануға бейім. Күшіктердің алғашқы айларында аналық жолбарыс олармен берік байланыс орнатып, сыртқы әсерлерден өзін сақтауға тырысады. Стресті азайту үшін оларға арнайы «тыныш аймақ» – артық шу мен визуалды тітіркендіргіштер аз болатын оқшау орын дайындалды.

         Күшіктердің үш айға дейінгі кезеңі – аса сезімталдық уақыты, мұнда иіс пен дыбыстардың артық болуы ананың мазасыздануына және ұрпақтың дамуына әсер етуі мүмкін. Осы уақыт ішінде аналық пен күшіктер ветеринарлардың күнделікті бақылауында болды: салмағы өлшеніп, рефлекстері тексеріліп, неврологиялық тексеру жүргізілді.

         Жолбарыс күшіктері қоршаған әлемді белсенді зерттеу сатысына өтіп, мінез-құлқы тұрақты болған кезде ғана біз бұл қуанышты хабарды сіздермен бөлісуге шешім қабылдадық.

         Енді, біздің келушілеріміз кішкентай жолбарыстарымызды зообағымызға келіп көрулеріне болады.